Астанада Еуразия арбитраж апталығы 2025 шарасы өтті

2 июля 2025

2025 жылдың 1-2 шілде күндері Астанада үшінші мәрте Еуразия арбитраж апталығы 2025 (EAW25) халықаралық форумы өтті. Арбитраж саласындағы бұл маңызды іс-шарада дауларды шешудің өзекті мәселелері мен даму үрдістері талқыланды. Форумға әлемнің түкпір-түкпірінен келген арбитраж саласының жетекші мамандары, төрешілер, судьялар, ғалымдар, бизнес, мемлекеттік және дипломатиялық мекемелер өкілдерінен құралған 400-ге жуық қатысушы жиналды. Шара Астананың өңірлік құқықтық хаб ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.

Форумды Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жанындағы Халықаралық төрелік орталығы (ХТО)  халықаралық Herbert Smith Freehills Kramer LLP заң компаниясымен бірлесе ұйымдастырды.

Іс-шараға АХҚО Cотының төрағасы Мэлдон Лорды Бернетт, ХТО төрағасы Томас Крюммель, сондай-ақ Еуразияның түкпір-түкпірінен келген төрешілер, заңгерлер, бизнес өкілдері, дипломатиялық корпус, мемлекеттік мекемелер мен академиялық орта өкілдері қатысты.

Форумның құрметті қонағы – Халықаралық жеке құқықты біріздендіру институтының президенті (UNIDROIT), құқықты үйлестіру мен қаржылық реттеу саласындағы беделді халықаралық сарапшы профессор Мария Кьяра Малагути болды. Үкіметтер мен халықаралық ұйымдарға кеңес беруде мол тәжірибесі бар профессор Малагути инвестициялық құқықтың трансформациясы мен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі жаңа құқықтық тетіктердің рөліне тоқталды. Ол дәстүрлі инвестор мен қабылдаушы мемлекет үлгісінен экологиялық тұрақтылық, климат және қоғамдық мүдделерді қамтитын жаңа құқықтық құрылымдарға бетбұрыс байқалып жатқанын атап өтті.

«Инвестициялық құқық айқын инвестор мен қабылдаушы мемлекет арасындағы шекаралар жағдайында дүниеге келді. Қазір әрбір мемлекет – әрі инвестор, әрі қабылдаушы. Осы шындықты ескеріп, құқықтық жүйелерді қайта қарау қажет. Өйткені қазіргі инвестиция, сауда және орнықтылық – ажырамас ұғымдар,» – деді профессор Малагути.

Форум бағдарламасында тәжірибелі мамандар модерациясымен бірқатар панельдік сессиялар өтті. Олардың барысында шетелдік тікелей инвестициялар, баламалы дауларды шешу әдістерінің инвестициялық ахуалға ықпалы, арбитраж шешімдерін трансшекаралық орындау, өңірлік құқықты үйлестіру және жасанды интеллектінің арбитраж саласындағы рөлі сынды мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар, корпоративтік заңгерлер мен тәжірибелі қорғаушылар арбитраж стратегиясының тиімділігін, адвокатураны жүргізу тәсілдерін және сотқа жүгінумен салыстырғандағы альтернативті дауларды шешудің артықшылықтарын атап өтті. Бұл сессиялар АХҚО Cоты мен ХТО-ның Еуразиядағы заманауи арбитраж тәжірибесін қалыптастырудағы маңызын тағы да айқындай түсті.

Форум аясында АХҚО Cоты мен ХТО бірнеше ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер құқықтық әріптестікті нығайту мен кәсіби даму мақсатында Қазақстандағы Америка Сауда палатасы және Түркі Арбитраж Қауымдастығымен жасалды. Келісімдер түркі елдері арасындағы дауларды шешу саласындағы байланыстарды күшейтуге бағытталған.

ХТО төрағасы Томас Крюммель:

«Қазақстан ХТО арқылы қазіргі заманғы мемлекеттердің сирек қол жеткізген жетістігіне жетті: ол мемлекеттік ықпалдан тәуелсіз, әділетті әрі әлемдік деңгейде мойындалған арбитраж орталығын құрды. Біз инвесторларға сенімділік сыйлайтын, әлемдік стандарттарға сай дауларды шешу қызметін ұсынып отырмыз.»

АХҚО Cоты мен ХТО-ның тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт:

«Көптеген инвесторлар белгілі бір елдерге баруға құлықсыз, өйткені қиындық туындаған жағдайда олар әділ, тәуелсіз және халықаралық стандартқа сай сот төрелігіне ие бола алмаймыз деп қорқады. Дәл осы себепті АХҚО Cоты мен ХТО құрылды – бұл инвесторлардың сенімін қамтамасыз ету үшін жасалған қадам. Еуразия арбитраж апталығы – біз үшін әр жылы инвесторларға Қазақстанға келгенде олардың құқықтары халықаралық құқықтық стандартпен қорғалатынын көрсету мүмкіндігі.»

EAW25-тің сәтті өтуі құқықтық жаңашылдыққа, халықаралық ынтымақтастыққа және құқық үстемдігін нығайтуға берілген мықты ұстанымды дәлелдеді. Әртүрлі елдердің жетекші сарапшыларын біріктіре отырып, форум АХҚО Cоты мен ХТО-ның Еуразияда тәуелсіз, сенімді әрі халықаралық деңгейдегі арбитраж қызметін ұсынатын беделді институттар екенін көрсетті. Астанада өткен бұл шара өңірдің жаһандық арбитраж және инвесторларды қорғау саласындағы өсіп келе жатқан рөлін айқын танытты.

АХҚО Cоты мен ХТО қызметінің статистикасы:

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап АХҚО Cоты мен ХТО 3 900-ден астам істі сәтті қарап, орындады. Олардың ішінде 189 сот шешімі мен 3 772 ХТО арбитраж шешімі мен медиациялық келісімдер бар. Даулар ауқымы кең коммерциялық саладағы әртүрлі мәселелерді қамтиды. 

Қазақстанда бизнес жүргізетін 32 елдің, оның ішінде Қытай, БАӘ, Үндістан және Еуразия елдерінің инвесторлары АХҚО Cоты мен ХТО-ны дауларын шешу үшін таңдады. 39 юрисдикциядан 793 заңгер АХҚО Сотында істерге қатысу құқығын алып, тіркелген.

АХҚО Cоты мен ХТО Астана мен Алматы қалаларында заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған кеңселерге ие. Сонымен қатар, олардың тыңдау залдары Еуразияның 8 елінде – Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанда ашылды. Жуырда АХҚО Cоты мен ХТО Қытайдың Бейжің қаласында әлемдік деңгейдегі кеңсесін ашты.

Анықтама:

Еуразия арбитраж апталығы (EAW) – арбитраж саласындағы беделді төрешілер, заңгерлер, компания ішіндегі заң кеңесшілері, саясаткерлер мен академиктер жиналып, Еуразияда бизнес үшін дауларды шешудің заманауи тәжірибесі, мүмкіндіктері мен қиындықтарын талқылайтын алаң.

Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) – тәуелсіз құқықтық құрылым. Оның өз ережелері мен арбитраж және медиация саласындағы халықаралық сарапшылардан құралған панелі бар. Коммерциялық құқықтың түрлі салаларында – мұнай-газ, сауда, құрылыс, энергетика, қаржы, банк ісі, ислам қаржысы, сақтандыру және зияткерлік меншік салаларында мол тәжірибе жинақтаған. ХТО шешімдері Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де мойындалып, орындалады. https://iac.aifc.kz

АХҚО Соты – тәуелсіз құқықтық құрылым. Англияның жалпы құқық жүйесіне негізделген процессуалдық ережелері бар. АХҚО аумағында және тараптар келісімі бойынша өзге дауларда ерекше юрисдикцияға ие. Қылмыстық және әкімшілік істерге қатысты юрисдикциясы жоқ. Соттың екі деңгейі бар: Бірінші деңгейлі соты және Апелляциялық сот. https://court.aifc.kz

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – Еуропа мен Азияның қиылысында орналасқан, дамушы нарықтардың мүмкіндіктерін жаһандық капиталмен байланыстыратын өңірлік қаржы хабы. 2018 жылдан бері АХҚО Қазақстан экономикасына 14,8 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартты. Қазіргі таңда АХҚО юрисдикциясында 80-нен астам елден 4 000-нан аса компания тіркелген. www.aifc.kz